Көктем келісімен дала тіршілігі жанданып, шаруалар қызу еңбекке кіріседі. Биыл да Түлкібас ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқын алып, диқандар уақытпен санаспай еңбек етуде.
2026 жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарын 64 900 гектар жерге егу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 14 280 гектарына күздік бидай егілген. Сонымен қатар 1 400 гектарға жаздық бидай себілді. Бұдан бөлек, 6 800 гектар арпаның 60 пайызы, 11 920 гектар майлы дақылдардың 33 пайызы, 28 500 гектар мал азықтық дақылдардың 65 пайызы егілді. Сондай-ақ 1 200 гектарға картоп, 1 500 гектарға көкөніс дақылдары отырғызылуда.
Көктемгі дала жұмыстарын жүйелі жүргізіп жатқан шаруашылықтардың бірі – Майлыкент ауыл округіндегі «Тұлпар» шаруа қожалығы. Қожалықта бүгінде қызу еңбек жүріп жатыр. Жалпы аумағы 27 гектар егістік алқапта жер жырту, дән себу және тырмалау жұмыстары толық қарқынмен атқарылуда.
Шаруашылық басшысы Исмайл Алиевтің айтуынша, көктемгі науқанды тиімді пайдалану – мол өнімнің кепілі. Қазіргі таңда қожалық жоңышқа мен арпа егуге басымдық беруде. Биыл 35 тонна өнім алу жоспарланған. Жоңышқаның алғашқы өнімі тамыз айында жиналып, 5 000 орам мал азығын дайындау көзделуде. Ал арпа өнімі маусым айында жиналады деп күтілуде.
Дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін шаруашылық қажетті техникалармен толық қамтамасыз етілген. Барлығы 10-ға жуық техника, оның ішінде 4 ірі техника, 3 соқа мен тырма жұмылдырылған. Сонымен қатар қожалықта 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жалпы, көктемгі дала жұмыстарының қарқынды жүруі – ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беретін маңызды кезең. «Тұлпар» шаруа қожалығының еңбегі – соның айқын дәлелі.
