Аудандық Мансап орталығының қолдауын көріп, кәсібін дамытып отырған жандардың бірі – Түркістан облысы Түлкібас ауданында тұратын Маржан Сүйінова. Ол ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын тігу ісімен айналысып, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын заманауи үлгіде насихаттап келеді. Кәсіпкер өз ісін алғашында үй жағдайында бастап, қолындағы бар мүмкіндігін тиімді пайдаланып, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған. Еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының арқасында аз уақыт ішінде тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алды.
Кәсібін одан әрі дамыту мақсатында Маржан Сүйінова мемлекет тарапынан ұсынылатын қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, қажетті тігін машиналары мен өзге де құрал-жабдықтарын сатып алды. Бұл қолдау өндіріс көлемін ұлғайтып, тапсырыстарды уақытылы әрі сапалы орындауына жол ашты. Бүгінде ол тапсырыс бойынша қыз жасауына арналған көржасау бұйымдарын, тойбастарға арналған ерекше сыйлықтарды, ұлттық киімдерді, қазақы ою-өрнекпен безендірілген тұрмыстық бұйымдарды және заманауи үлгідегі сәндік өнімдерді әзірлейді. Әрбір бұйымның сапасына ерекше мән беріп, ұлттық нақыштың сақталуына басымдық береді.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде Маржан Сүйінова өз кәсібін жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, бірнеше ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға және жергілікті кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал етуде. Оның айтуынша, алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, ұлттық қолөнерді кеңінен насихаттап, жас шеберлерді осы кәсіпке баулуды жоспарлап отыр. Маржан Сүйінованың табысты еңбегі мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көрсететін және кәсібін бастауға ниетті азаматтарға үлгі болатын жарқын мысалдардың бірі.
