Түлкібас ауданында халықты тұрақты жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудандық мансап орталығы мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырып, азаматтарды еңбек нарығына тарту, тұрақты жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлікті қолдау бағытында кешенді жұмыстарды жүзеге асыруда.
Бүгінде жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты – әрбір азаматтың еңбек етуіне мүмкіндік жасап, тұрақты табыс табуына жағдай қалыптастыру. Осы бағытта аудан тұрғындарына бос жұмыс орындары ұсынылып, кәсіптік оқыту, қайта даярлау курстары ұйымдастырылып, жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар және алғашқы жұмыс орны жобалары арқылы көптеген азамат еңбек нарығына тартылып келеді.
Аудандағы жүргізіліп жатқан нәтижелі жұмыстардың арқасында жұмыссыздық деңгейін кезең-кезеңімен төмендету көрсеткіштері байқалады. Атап айтқанда, 2023-2024 жылдары Түлкібас ауданындағы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраған болса, қабылданған нақты шаралардың нәтижесінде 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,8 пайызға дейін төмендеді. Ал 2026 жылы жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға дейін азайту мақсатында жоспарлы жұмыстар жалғасуда.
Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін мансап орталығы жұмыс берушілермен тұрақты байланыс орнатып, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін өткізуде. Сонымен қатар, жұмыс іздеушілердің біліктілігін арттыруға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік гранттар беру арқылы кәсіп ашуға ниетті азаматтарға қолдау көрсетіліп, өз кәсібін бастауға мүмкіндік жасалуда. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылып, халықтың әл-ауқатын арттыруға оң әсерін тигізуде.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Колледж және жоғары оқу орындарының түлектері жастар тәжірибесіне жолданып, алғашқы еңбек жолын бастауға мүмкіндік алуда. Сонымен қатар, ұзақ уақыт жұмыссыз жүрген азаматтар мен әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындарды тұрақты еңбекке орналастыру бағытында жеке жұмыстар жүргізілуде.
Аудандық мансап орталығы алдағы уақытта да еңбек нарығындағы сұранысқа сай жобаларды тиімді іске асырып, жаңа жұмыс орындарын көбейту, кәсіпкерлікті дамыту және халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.
