Мақтаарал ауданында ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған арнайы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аудандық мансап орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның негізгі мақсаты – әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына қолдау көрсету, олардың табыс табуына мүмкіндік жасау және қоғамға бейімделуіне жағдай жасау болды.
Жәрмеңкеге алимент төлеу бойынша берешегі бар азаматтар, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар, мүгедектігі бар тұрғындар және жұмыссыз азаматтар қатысты. Іс-шара барысында қатысушыларға еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары туралы жан-жақты ақпарат беріліп, мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді.
Жәрмеңкеге аудан аумағындағы 5 жұмыс беруші қатысып, барлығы 15 бос жұмыс орнын ұсынды. Ұсынылған жұмыс орындары әртүрлі сала бойынша жасақталып, жұмыс іздеушілердің білімі мен тәжірибесіне сәйкес келетін мамандықтарды таңдауға мүмкіндік берді. Қатысушылар жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, еңбек жағдайлары, жалақы мөлшері және жұмыс талаптары туралы толық мәлімет алды.
Сонымен қатар аудандық мансап орталығының мамандары қатысушыларға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жөнінде кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» жобалары, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және мемлекеттік гранттар туралы жан-жақты кеңес берілді. Бұл азаматтардың еңбек нарығына бейімделуіне және тұрақты табыс табуына бағытталған маңызды қолдау тетіктерінің бірі болып табылады.
Мұндай жәрмеңкелердің әлеуметтік маңызы зор. Әсіресе алимент төлеу бойынша берешегі бар азаматтарды жұмыспен қамту олардың балалар алдындағы міндеттемелерін уақытылы орындауына мүмкіндік береді. Ал пробация есебіндегі және жазасын өтеп шыққан азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуы олардың қайта әлеуметтенуіне, заңға бағынатын өмір салтын қалыптастыруына және қоғамға қайта бейімделуіне оң ықпал етеді. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жұмыс орындарын ұсыну олардың еңбекке араласуына және өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Мақтаарал ауданында осындай бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін тұрақты ұйымдастыру тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамтуға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да осындай әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар жалғасын тауып, азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және өмір сүру сапасының артуына өз үлесін қоса бермек.
