Аудандық прокуратура мен полиция бөлімінің қызметкерлерінің, сондай-ақ жауапты мемлекеттік мекемелер өкілдерінің қатысуымен алимент өндіру мәселесіне арналған арнайы жиын ұйымдастырылды. Басқосуда алимент бойынша берешегі бар азаматтардың жағдайы жан-жақты талданып, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету арқылы қарыздарын өтеу тетіктері қарастырылды. Жиынның басты мақсаты – алимент төлемей жүрген азаматтарды жауапкершілікке шақырумен қатар, оларды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етіп, балалары алдындағы міндеттерін орындауға мүмкіндік жасау.
Жиын барысында аудан прокуроры қазіргі таңда ауданда алимент төлемей жүрген мыңнан астам борышкер тіркелгенін атап өтті. Олардың арасында ресми жұмыссыз ретінде тіркелгендер де, тұрақты табысы жоқ азаматтар да бар. Мұндай жағдай ең алдымен балалардың әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізіп, олардың заңмен кепілдендірілген құқықтарының сақталуына кедергі келтіреді. Сондықтан бұл мәселе құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық жауапты мемлекеттік мекемелердің бірлескен жұмысын талап етеді.
Осыған байланысты жиында борышкерлерді жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды. Жауапты сала мамандары бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастыру, кәсіпорындардағы бос вакансияларға жолдау, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру, сондай-ақ қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына қатыстыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Борышкерлерге олардың білімі мен тәжірибесіне сәйкес тұрақты жұмыс орындары ұсынылып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер кеңінен түсіндірілді.
Мамандардың айтуынша, тұрақты жұмыспен қамтылған азаматтардың алимент бойынша берешекті өтеу мүмкіндігі де артады. Себебі ресми табыс көзі қалыптасқан жағдайда заң талаптарына сәйкес алимент төлемдері уақтылы өндіріліп отырады. Бұл өз кезегінде балалардың материалдық қамтамасыз етілуіне оң әсерін тигізеді әрі әлеуметтік жауапкершілікті күшейтеді.
Жиын барысында борышкерлерге заң талаптары тағы бір мәрте түсіндіріліп, алимент төлеуден жалтарған жағдайда қолданылатын әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шаралары туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, талапкерлердің құқықтарын қорғау, сот орындаушыларымен өзара іс-қимылды күшейту және борышкерлердің нақты жұмыспен қамтылуын тұрақты бақылауда ұстау мәселелері де көтерілді.
Жауапты мекемелер алдағы уақытта да осындай бірлескен жұмыстарды жалғастырып, алимент өндіру көрсеткішін арттыруға, борышкерлерді тұрақты еңбекке тартуға және балалардың заңды құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асыратынын жеткізді.
